05/12/2025 15:44

Алматы қаласы Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбековтің Мәслихат сессиясындағы баяндамасы

Сіздермен Алматы қаласы мәслихатының кезекті XV сессиясында жүздескеніме қуаныштымын.

Біріншіден,  осы жылы жергілікті бюджеттің алғашқы нақтылау шеңберінде  іс-шаралардың басым бағыттарын қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысыңыз үшін  Сіздерге алғыс айтқым келеді.

Үлкен жұмыс атқарылды,  қызу талқылаулар болды,  әкімшілердің барлық бюджеттік өтінімі  мәслихаттың бюджеттік және салалық комиссияларында нақты қаралды.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылған 98 млрд. теңге жергілікті бюджетті нақтылауы өткен жылдан бюджет қаражатының қалдықтарын пайдалану және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында қаражатын ішкі қайта бөлу есебінен жүргізілді.

Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында оларды базалық қажеттіліктермен қамтамасыз ету қажет. Мысалы, қолжетімді тұрғын үй, су, жарық, газ, жылу, кәріз және жолдар.

Осыған байланысты, қосымша бөлінетін қаражаттың 63% немесе 61,5 млрд.теңгеге даму мақсаттарына бағытталатын болады.

Сонымен қатар, бюджеттің ағымдағы шығындары, атап айтқанда фестивальдар, форумдар мен түрлі имидждік іс-шараларды өткізуге арналған шығындар қысқартылды.

Бұл қаражат қала тіршілігін жақсартуға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады.

Негізгі бағыттарға тоқтауға рұқсат етіңіз.

Халықты әлеуметтік қолдау бағыты бойынша             
қала әкімдігі түрлі ұрпақ өкілдеріне жұмысқа орналасуға қолдау көрсетеді. Бүгінде қалада оқу орындарының түлектеріне арналған «Бірінші жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Күміс жас» сияқты бағдарламалар іске асырылуда.

Зейнет жасындағы алматылықтарды жұмысқа орналастыру үшін алғаш рет «Алтын жас» пилоттық жобасы іске асырылатын болады. Осы жоба шеңберінде зейнет жасындағы 500-ге жуық адам өздерінің әлеуметтік белсенділігін қолдау үшін еңбек қызметіне тартылатын болады. Бұл мақсаттарға 2024 жылы 382,5 млн. теңге бөлінеді.

Мәдениет және спорт саласын дамытуға 3,3 млрд. теңге қарастырылған.

Мәдениет нысандарын цифрландыру жөніндегі даму бағдарламасының бағыты аясында Алматы қаласының орталық мемлекеттік мұрағатына техникалық жарақтандыруға және арнайы жабдықтар сатып алуға 306 млн. теңге бөлінеді.

Сондай-ақ, қаланың кітапхана ұйымдарын одан әрі цифрландыру үшін Жетісу, Түрксіб және Наурызбай аудандарындағы 3 жаңа кітапхананы және С.Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасын материалдық-техникалық жарақтандыруға 320 млн. теңге қарастырылады.

Сонымен қатар, С.Бегалин атындағы кітапхана ғимаратын қайта жаңарту бойынша ғылыми-жобалық құжаттама жүргізуге 18,7 млн. теңге бөлінеді. Кейін келесі жылы ғимаратты толық қайта құру жүргізіледі.

Құрметті депутаттар, сіздің бастамаңыз бойынша ағымдағы жылы «Алматы» спорт клубында «Бочча» паралимпиадалық спорт түрінен жаңа бөлімше ашу жоспарлануда.

Көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 18,9 млрд. теңге қарастырылған.

Қаланың көлік қаңқасының бекітілген мастер-жоспары шеңберінде 3 көлікті ауыстырып мінгізу торабының құрылысы жоспарланған. Бұл мақсаттарға 5 млрд. теңге бөлінеді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде 2024 жылы Сейфуллин – Жансүгіров көшелері қиылысында, Сайын  – Ақын Сара көшелері қиылысында және Сайын көшесін ұзарту бойынша жолайрықтардың құрылысын аяқтау жоспарланған. Осы мақсаттарға бюджеттен қосымша 3,6 млрд. теңге бөлу қажет.

Алматы қаласын дамыту бағдарламасының Жол картасын іске асыру үшін жоспарлануда:

– Құлжа трактін Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейін қайта жаңарту жұмыстарын бастау;

-10 айналу алаңдарын жобалау, Талғар трактін қайта жаңарту, «Алматы-2» т/ж вокзалынан «Райымбек батыр» метро станциясына дейін жерасты жаяу жүргіншілер туннелін салу.

Сонымен қатар, Абай даңғылының құрылысын жалғастыру үшін 1,7 млрд. теңге қажет. Бұл нысанды 2024 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ жыл сайын 30 км тротуарларға, 5 км веложолдарға, 40 аялдама қалталары мен алаңдарына, сондай-ақ 12 күрделі көлік құрылыстарына орташа және ағымдағы жөндеу жүргізу шеңберінде бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінеді.

Құрметті депутаттар!

Жалпы, сіздермен бірлесіп атқарған жұмысымыз қаланың ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Бюджетте көзделген барлық қаражат мемлекет Басшысы қойған аса маңызды міндеттерге қол жеткізуге және Алматы қаласын дамыту Бағдарламасын іске асыруға бағытталатын болады.

оқиғалар

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ