Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы құқықтық актілер туралы заңнамасына келтіру үшін қолданыстағы құқық нормаларына сәйкес Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесін қайта өңдеді.
Ережені қайта өңдеуге негіздер болғандар:
– 2023 жылғы 27 маусымдағы Алматы қаласы Әділет департаментінің ұйғарымы;
– «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының
27-бабының 2-тармағына сәйкес жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде оны іске асыру үшін қабылданған төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануға жатады.
Ережеге мынадай өзгерістер енгізілді:
– Ереженің кіріспесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтірілген;
– түсінік аппараты қысқартылды;
– 6-тарау «Жол жабындарын ашу, көшелерді, алаңдарды және басқа да ортақ пайдаланылатын абаттандырылған аумақтарды қазу бойынша жұмыстарды жүргізу тәртібі» қосылды.
Ереже бойынша «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылау өткізілді.
Портал арқылы ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың, Қоғамдық кеңестің, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Сараптама кеңесінің және Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының оң қорытындысы алынды.
Ереженің жобасы Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, сондай-ақ Алматы қаласының Әділет департаментімен келісілді.
Жалпы, ереже Алматы қаласында сумен қамтамасыз ету, су бұру, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелерін пайдалану тәртібін белгілейді.
Ереже жобасы келесі бөліктегі нормаларды қамтиды:
– тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы жауапкершілік шекарасының сипаттамасы;
– теңгерімдік тиесілігін бөлу шекараларын анықтау;
– тұтынушының құқықтары мен міндеттерін;
– қызмет көрсетушінің құқықтары мен міндеттерін.