«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы дүниеге келген егіз балалардың рейтингісін жасады. Алғашқы үштікте Алатау, Медеу және Бостандық аудандары тұр.
Жыл басынан бері Алматыда 213 ана егіз және 2 ана үшем дүниеге алып келген. Егіздерді туу көрсеткіші бойынша көш бастап түрған Алатау ауданы – 42 егіз бала тіркелген. Медеу ауданында 37 егіз бен 1 үшем дүниеге келсе, алғашқы үштікті Бостандық ауданы – 30 егіз және 1 үшеммен аяқтап тұр. Одан кейін Наурызбай ауданында – 26 егіз, Әуезов ауданында – 22 егіз , Жетісу ауданында 20 ана егіз баланы өмірге әкелсе, Алмалы және Түркісіб аудандарында 18 егіз баладан дүниеге келген.

Алматы қаласы АХАТ басқармасының басшысы Баян Абдулланованың айтуынша 34 600 туу актісі тіркелген.
«Туу туралы куәлікке өтінімді онлайн режимде және ХҚО арқылы беруге болады. Ата-ана атанған азаматтар туу туралы куәлікке тапсырысты өз бетінше проактивті түрде де және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы да бере алады. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. – дейді өз сөзінде АХАТ басқармасының басшысы.
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен төленеді.
- Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК
- Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК
Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.
Айта кетсек, Қазақстан егіздерді өмірге алып келуі жөнінен әлемде алғашқы елулікке енеді екен. Көш басында Африка құрлығындағы Нигерия тұр. Алматы қаласы егіз балалардың көрсеткіші бойынша республика бойынша үштіктің қатарында екен. Биыл да бұл межеден түспейді деп ойлаймыз.