Қазақстандық ақын, этнограф, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша референдумға қатысты.

Ақын өз таңдауын жасау үшін Алматының Наурызбай ауданындағы №26 емханада орналасқан №510-шы сайлау учаскесіне келді.
«Бүгін еліміз үшін айтулы күн. Мен өз елімнің азаматы ретінде келіп, Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар қатарында дауыс бердім. Бұл еліміздің және ұрпағымыздың болашағы үшін үлкен шешуші сәт. Мен әркім салмақты шешім қабылдайтынына сенемін. Әрбір дауыс маңызды және болашаққа әсер етуі мүмкін», – деді Қасымхан Бегманов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан аумағында АЭС құрылыс салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтуде. Алматылықтар тұрғылықты мекенжайлары бойынша дауыс беру учаскелеріне барып, сағат 20.00-ге дейін өз таңдауларын жасай алады.